5353

Call-Орталығы 5353 (Kcell, Activ, Beeline абоненттері үшін) 8 7172 55 99 77 (Астана қ. стационарлық телефоннан қоңырау шалу тегін, ұялы операторлардың абоненттері үшін - оператор тарифіне сәйкес)
Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen

Медиа орталық

«Үлкен жанұя сияқтымыз»: Несие серіктестігі шаруаларды қалай біріктірді

«Үлкен жанұя сияқтымыз»: Несие серіктестігі шаруаларды қалай біріктірді

Аграрлық несие корпорациясы шаруаларға несие серіктестіктері арқылы рекордты 154 млрд теңге берді. Бұл қаржының 4 млрд теңгесі «Целиноградское» несие серіктестігіне тиесілі. Құрылғанына 18 жыл толған ұйым бүгінде Ақмола облысы Целиноград ауданындағы 60-тан астам шаруашылықтың басын біріктіріп отыр. Шаруалар ұйымшыл, табысы көп, қордаланған қарызы жоқ. Оның сырын қаржы ұйымының төрағасы Сағадат Әшебеков бөлісті.

 «Целиноградское» несие серіктестігінің төрағасы өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып отыр. Олай дейтініміз серіктестік тарихында мерзімі өткен қарыз болмаған. Шаруашылықтар алған несиені уақытылы қайтарып отыр. Себебі, ұйымға ұжымдық жауапкершілігі зор шаруалар біріккен. Мүшелікке өту оңай емес, қатысушылар мұқият іріктеледі. 

«Несие серіктестігіне кіргісі келетіндер өте көп. Бәрін бірдей ала бермейміз. Шаруаның жағдайына қараймыз. Қорасында азын-аулақ малы тұрса, ескі тракторы, шөп шабатын техникасы болса, көмектесуге дайынбыз. Ал, ауылдық жерде тұрып, жоқ дегенде 3-4 мал ұстамайтын адамға қаржы беру қиын. Ол ертеңгі күні алған несиесін жаба алмаса, кім жауапты?», - дейді «Целиноградское» несие серіктестігінің төрағасы Сағадат Әшебеков. 

Сағадат Қайыржанұлы шаруаларға несие қаржысын беріп қойып, қайтаратын күнін күтіп отырмайды. Әр тиынның мақсатты жұмсалғанын өзі қадағалайды. Егін салған диқан болса, дән еккен күннен бастап орақ науқанына дейінгі, одан кейін жиналған астықты сату процесін бақылайды. Шаруа несие қаражатына мал алған болса, аудандық мал дәрігеріне хабарлайды. "Карантинге жап, қанын тексер, вакцинасын сал" деп тапсырады. Жем-шөбінің бар-жоғын біліп отырады. Кейін малды не оның етін қайда өткізуге болатынын ақылдасып, бағыт-бағдар береді. 

«Жыл сайын жанар-жағар май, тұқым немесе қосалқы бөлшек сатып аламын деп несие беруді сұрап келетін шаруалар бар. Тапқан табысың қайда десең, Астанадан пәтер немесе қымбат көлік сатып алдым деп қарап отырады. Олай болмайды. Бастапқы уақытта техника жаңарт, қор жасақта, келесі маусымға дайындал деп кеңес беремін», - дейді серіктестік төрағасы. 

Ұйымның ішкі тәртібіне бағынбаған он шақты шаруа қатардан шығып қалған. Есесіне, уақыт сынынан өткен «Родина», «Ен дала», «Мәншүк», «Ақтық» секілді ірілі-ұсақты 64 шаруашылық тұрақталып, қазір бір-біріне жәрдемдесіп жатыр. 

«Есенжол Н» ЖШС-і 7 мың гектар жерге егін салады. Жылқы бағып, шағын мал бордақылау алаңының ісін жүргізіп отыр. Қожалық басшысы Айдос Нұрақышевтың несие серіктестігіне алғыстан басқа айтары жоқ. 

«Біз, несие серіктестігіне біріккен шаруалар үлкен жанұя сияқтымыз. Бір-бірімізге қамқормыз. «Целиноградское» несие серіктестігінің кредиттік рейтингі өте жоғары. Бұл бізге несиені әлдеқайда төмен пайызбен алуға мүмкіндік береді. Биыл біз несие алып, техникамызды жаңарттық, көктемде егін салу, күзде жинау науқанын ойдағыдай өткіздік», - дейді «Есенжол Н» ЖШС-інің басшысы Айдос Нұрақышев. 

Аграрлық несие корпорациясы беретін ең жоғарғы ААА рейтингін несие серіктестігі ел бойынша бірінші болып 2019 жылы алды. Бұл оған қатысушыларды өз бетінше қаржыландыруға құқық береді. Ұйым сондай-ақ, тұрақтылығы, жоғары әрі сапалы көрсеткіштері үшін бесінші жыл қатарынан корпорацияның «Үздік несие серіктестігі» Кубогын иеленіп отыр. 

Ақмола облысында 18 несие серіктестігі Аграрлық несие корпорациясымен жұмыс істейді. Ел бойынша олардың саны – 207. Корпорацияның шарты бойынша, серіктестік құру үшін кемінде 20 шаруа қожалығы бірігуі тиіс. Әрқайсысы белгілі бір мөлшерде жарна төлейді. Несие рәсімдеген кезде кепіл қоюға міндетті. Берілетін қаржы көлемі серіктестіктің кредиттік рейтингіне байланысты. Ескерер жайт, шаруалар серіктестіктің несиесіне ортақ жауапкершілік алады. 

«Аграрлық несие корпорациясы жыл өткен сайын несие серіктестіктері арқылы берілетін қаржы көлемін арттырып жатыр. Былтыр несиенің осы желісі бойынша шаруаларға 109 млрд теңге бөлінсе, биыл 154 млрд теңге болды. Бұл корпорацияның жалпы бюджетінің 42 проценті», - дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Төлегенов.


https://kaz.nur.kz/politics/2003185-ulken-zanuya-siyaqtymyz-nesie-seriktestigi-sarualardy-qalai-biriktirdi/