5353

Call-Орталығы 5353 (Kcell, Activ, Beeline абоненттері үшін) 8 7172 55 99 77 (Астана қ. стационарлық телефоннан қоңырау шалу тегін, ұялы операторлардың абоненттері үшін - оператор тарифіне сәйкес)
Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen

Медиа орталық

Мақтараалда мақта майы өндіріледі

Мақтараалда мақта майы өндіріледі

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында мақта майын өндіру қарқын алып жатыр. Көкарал ауылында орналасқан «Тұлпар май» кәсіпорны өткен жылы іске қосылды. Жобаның жалпы құны - 1,2 млрд теңге. Оның 80 пайызын Аграрлық несие корпорациясы қаржыландырды.

 Кәсіпорын тәулігіне 50 тонна шитті мақта өңдей алады. Ал жылына 6 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы. Зауытта отызға тарта жергілікті тұрғын жұмыс істейді.

 «Агробизнес» бағдарламасымен берілген несиеге серіктестік басшысы Түркиядан заманауи қондырғы әкелген. Кәсіпорында мақта майынан бөлек күнжара мен кір сабын шығарылады. Мәселен өткен жылы 250 тонна май шығарылса, одан 950 тонна күнжара алынған.

 Мақта айы аспаздықта кеңінен қолданылады. Мамандардың пікірінше, ол керемет антиоксидант және қартаюдың алдын алады, қан тамыры мен жүрек жұмысына жақсы әсер етеді. Мақта майының құрамындағы май қышқылдары қабынуға қарсы және антигистаминдік қасиеттерге ие, иммунитетке оң әсер етеді.

«Өндірістің қуатын он есеге арттырғымыз келеді. Жылына 2 мың тонна май шығармақпыз. Қазақстанның нарығы мақта майына енді үйреніп келе жатыр. Ендігі жылы тоқыма фабрикасын ашу жоспарда бар», - дейді «Тұлпар май» ЖШС-і директоры Төлеген Серікбаев.

 Бұл - Аграрлық несие корпорациясы Түркістан облысында қаржыландырған алғашқы май өндіретін зауыт. Биыл Корпорацияның облыстық филиалы аймақта 10,4 млрд теңгеге 1300-ден астам жобаны қаржыландырды. Негізінен егіншілікпен айналысатын өңір халқы егін егуге және жиын-терінге несие алады.

 «Кәсіпорынның мақталы өлкеде орналасуы шикізат құнының және оның жетіспеушілігіне қатысты шығынның төмен болуына ықпалы зор деп санаймын. Мақта майын өндіретін кәсіпорынның іске қосылуы, оның халқы тығыз ауданда орналасуы осы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді», - дейді Аграрлық несие корпорациясы Түркістан облысы филиал директорының орынбасары Азат Мүйтембаев.