Шағын несиенің үлкен мүмкіндігі

«Тек қыз жасауымен кәсіп жасау қиын, сол себепті 2020 жылы Аграрлық несие корпорациясына жүгініп, сырып тігетін әмбебап тігін машинасын сатып алдым. Енді былғары, киіз, мақта салынған көрпе сияқты қалың материалды тіге аламын. Қызым да тігінші, өзім үйреттім, екеуміз бірге жұмыс істейміз. Ол жапсырмалы моншақпен түрлі дүние тігеді. Қазір киіз үй жасауға көбірек көңіл бөліп жатырмыз, киіз үйдің ішіне барлығы кіреді ғой», - дейді кәсіпкер Гүлнәр Абдуллаева.
Тігінші мамандығын меңгерген кәсіпкер сүйікті кәсібінен ешқашан қол үзбеген. Бала күтімімен үйде отырғанда қыз жасауына тапсырыс алыпты. Бүгінде іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі атанған ол жастарға үнемі тегін шеберлік сыныбын өткізеді, енді күзде киіз үй фестивалін ұйымдастырмақ. Әрі еңбекке баулу сабағына арналған кітапша шығарып, мектептерге үлестірмек. Айтпақшы, қызы да өзінің жолын қуған ісмер. Міне, осылайша шағын несиенің үлкен мүмкіндігі жемісін беріп отыр.